Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 13 маусымдағы № 15 бұйрығы
(2023.31.08. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2024 жылғы 26 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 176-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Бәсекелестікті құқықтық реттеу басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Төраға | С. Жумангарин |
Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігінің Төрағасы
2022 жылғы 13 маусымдағы
№ 15 бұйрығымен
бекітілген
Негізгі қуатқа тең қол жеткізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 176-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қол жеткізуді беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) негізгі қуат - үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің (бұдан әрі - негізгі қуат иесі) оларға қол жеткізбей, нарықтың басқа субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауар өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайтын тауары, инфрақұрылым объектісі;